Ақтауда ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен "Мейірім сыйлаған әлем" концерті өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көңілді іс-шара Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және Yessenov университетінің еріктілерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кеш аясында облыс аумағындағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты оңалту және әлеуметтендіру орталықтарының тірек-қимыл аппараты бұзылған, жүйке жүйесі аурулары мен психикасы бұзылған, туа біткен ауытқушылығы бар мүгедектердің жағдайларын жақсарту бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында атқарылған жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ оңалту орталықтарының қызметін алушы балалар мен жасөспірімдердің қолөнер туындыларынан, әр алуан картиналар мен жапсырмалар, сәндік бұйымдарынан шағын көрме жасақталды.
"Балалар - біздің болашағымыз. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен "Балалар жылы" болып жарияланды. Бүгін "Балалар жылының" аясында өңірдің әлеуметтік саласында атқарылған ауқымды іс-шараларды түйіндеу мақсатында есептік концерт өтті. Ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғам өміріне бейімдеу, денсаулығын оңалту, түзете дамыту, қолдау көрсетуде нәтижелі еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметшілерге, демеушілер мен еріктіліерге алғысым зор. Балаларымыздың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуы біз үшін аса маңызды",-деп атап өтті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсаңгүл Досполова.
Сондай-ақ концерт аясында мүгедектерді оңалту мен тұлғалық дамуына зор еңбек сіңірген бірқатар әлеуметтік қызметшілер Алғыс хатпен марапатталды.
Голрох Жеменей